Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Украинаның бірнеше аймағында электр энергиясын тұтыну шектелді

Sputnik
АСТАНА, 22 наурыз – Sputnik. Жұма күні Украинаның жеті облысында және ДХР аумағының Украина қарулы күштері бақылайтын бөлігінде электр энергиясын тұтыну шектелді, электр энергиясы көршілес үш елден импортталады, деп хабарлады "Укрэнерго" ұлттық энергетика компаниясы Telegram каналында.
Жұма күні таңертең Украинаның энергетика министрлігі энергетикалық жүйеге жасалған шабуылдарды соңғы уақыттағы ең ірі шабуыл деп атады.
"Төтенше жағдайда тоқтатылды. Электр энергиясын тұтынуды мына аудандарда шектеуге мәжбүрміз: Днепропетровск, Донецк, Кировоград, Одесса, Полтава, Сумы, Харьков", - делінген хабарламада.
Украинаның энергетика жүйесіндегі қуат тапшылығын жою үшін Румыния, Словакия және Польшаның энергетика жүйелері қолданылатыны айтылған.
Украинаның ДТЭК энергетика холдингі бұған дейін хабарлағанындай, жұма күні Украинада бірқатар ЖЭО-ға шабуыл жасалып, стансалардың жабдықтары айтарлықтай зақымданған. Жарылыстар Украинаның Ивано-Франковск, Хмельницкий, Винница, Львов облыстарында, сондай-ақ Киев, Харьков, Кривой Рог және Сумы қалаларында естілген. Украиналық БАҚ Одесса, Кривой Рог, Кировоград, Хмельницкий, Днепропетровск, Сумы және Полтава облыстарында электр қуатының ажыратылғаны туралы хабарлады.
Сонымен қатар украиналық "Укргидроэнерго" компаниясы Украинаның бақылауындағы Запорожье қаласында орналасқан ДнепрГЭС пен бөгетке соққы жасалғанын, төтенше жағдайлар қызметі өртті сөндірумен айналысып жатқанын хабарлады.