Қайрат Сатыбалдының ісі сотқа түсті

Оған қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды (жылыстатты) деген айып тағылды
Sputnik
АЛМАТЫ, 20 наурыз – Sputnik. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2022 жылы 6 жылға сотталған немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты істің басты сот талқылауы өтетін күн белгіленді. Бұл туралы Астана қалалық соты хабарлады.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты баспасөз қызметінің айтуынша, Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты іс сотқа түскен.
"Оған Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды (жылыстатты) деген айып тағылды", - дейді ведомство.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды 2022 жылы наурызда ұсталған болатын. Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі оған қатысты лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану және "Қазақтелеком" АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істі тергеген.
Араға бір апта салмай Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да ұсталды. Оған және басқа да тұлғаларға рейдерлік жолмен бизнесті тартып алу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Гүлмира Сатыбалды 747 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді.
Былтыр 4 мамырда Гүлмира Сатыбалды 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 2023 жылдың маусымында Қызылорда соты бұрынғы үкімді назарға алып, кесілген жазаны ауыр жазаға алмастыру арқылы 8 жылға бас бостандығынан айырды.
Антикор Гүлмира Сатыбалды кәсіпорындардың қатысу үлестерін заңсыз иемдену, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі факті бойынша тергелген. Жәбірленушіге келтірілген залал сомасы 6,6 миллиард теңгеден асады. Тергеу кезінде айыпталушы мемлекетке 8 млн доллар көлеміндегі қаржыны қайтарды.
Ал 2022 жылы Сатыбалды "Қазақтелекомға" келтірген шығынды өтеді. Сол жылы 6 жылға сотталды.