Депутаттар Елтаңбаға қатысты өз ұсыныстарын жариялады

Бұған дейін мемлекеттік рәміздің түсі, реңкі, формасы мен жазуы өзгерген
Sputnik
АСТАНА, 20 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Елтаңбада Қазақстанның Алтын орда мұрагері екенін көрсетуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін төменгі палатаның жалпы отырысында бірнеше депутат үкімет басшысына сауал жолдап, мемлекеттік рәміздерді жаңғырту бойынша пікірталас алаңын құруды ұсынды.
Депутат Абзал Құспанның айтуынша, қолданыстағы гербіміз де жақсы жасалған. Бірақ Қазақ мемлекетінің 1991 жылы ғана пайда болмағанын, оның мемлекеттілік тарихының тереңде жатқанын да ескерген жөн.
"Ол - арғыдағы Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Ұлық Ұлыс - Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Бұл - ерлік пен өрлікке толы тарих. Биыл Қазақ Даласында ту көтерген Жошы ұлысы - Алтын Орданың құрылғанына 800 жыл толуын атап өткелі отырмыз. Міне, Қазақ елінің осындай терең тарихи сабақтастығы, жауынгер ата-бабаларымыздың асқақ рухы, мемлекеттіліктің сұсы мен сесі, атағы мен айбыны Гербте көрініс тапса игі", - дейді Құспан.
Ал депутат Еркін Әбіл Елтаңбаға енгізілген өзгерістерді еске алды. Бұған дейін мемлекеттік рәміздің түсі, реңкі, формасы мен жазуы өзгерген. Жалпы, елтаңбаның бес стандарты жасалған. Соңғы рет "Қазақстан" деген сөз латын қарпімен жазылды.
"Ашығын айту керек, мемлекеттік гербте тарихи сабақтастық, ал Қазақстан ұлттық тәуелсіз мемлекет ретінде көрсетілмеген. Қазіргі Елтаңба - бұрынғы Қазақ КСР-ның өзгертілген гербі, масақтың орнына тұлпардың қанаттарын қойған, ал орақ пен балғаны шаңырақпен алмастырды. "ҚазКСР" деген жазу да өзгерді. Қалғаны сол күйінде қалды", - деп атап өтті Әбіл.
Жаңа Елтаңбаның жобасын жасауға байқау жарияланады – президент