Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына 1 трлн теңге кетеді – Такиев

Мемлекеттік қызметкерлердің саны 2014 жылдан бері өзгерген жоқ
Sputnik
АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына бір триллионнан астам теңге бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жаңылмасам, барлық мемлекеттік аппараттың жалақысына 1 триллион 32 мың теңге кетеді", - деді Такиев үкіметте өткен брифингте.

Алайда министр мемлекеттік қызметкерлердің іс сапарларына және тағы басқа қажеттіліктеріне кететін ақшаның сомасын атаған жоқ. Барлық қаржы бюджеттен төленеді.
"Мемлекеттік қызметкерлердің саны 2014 жылдан бері өзгерген жоқ. Білуімше, 89 мың мемлекеттік қызметкер болды. Олардың саны өзгермеді, сол қалпы қалды", - деп атап өтті Такиев.
Ал ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың сөзіне қарағанда, 2021 жылы мемлекеттік қызметкерлердің саны 15 процентке қысқартылды. 2022 жылы тағы 10 процентке қысқарту жоспарланған. Алайда сол жылы мемлекет басшысы мемлекеттік қызметкерлердің саны, жалпы мемлекеттік аппарат оңтайлы болып тұрғанын айтқан. Осыған байланысты штатты тағы 10 процентке қысқартуды тоқтатуға шешім қабылданды.