АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов отандық дәрігерлерді шетелге жібермей, шетелдік маманды шақырып, өз елімізде оқыту қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістегі денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесіне арналған отырыста депутат Ринат Зайытов жақында Түркияға барып келгенін жеткізді. Айтуынша ол жақтағы азаматтар Қазақстанның денсаулық сақтау министріне дұғай-дұғай сәлем жолдапты.
"Ол жаққа адам жіберіп оқытқаннан ешқандай пайда жоқ дейді. Себебі, жасыратыны жоқ, біздің дәрігерлердің оқығаннан гөрі қыдырғаны көп болады екен", - деді Зайытов.
Оның айтуынша, шетелдік әріптестер қажетті маманды өз еліне шақыруға кеңес беріп отыр.
"Сол ақшаға түріктің бір маманын алдыртып, осы жақта оқытуға болады ғой. Озық технологияларымыз да бар. "Соған қалай бастарың жетпей отыр" дейді. Ондай әдіс тиімді болатын еді", - деп атап өтті Зайытов.
Жиынға денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да қатысты. Оның айтуынша, биыл отандық дәрігерлерді шетелде оқытуға 300 миллион теңге қарастырылған.