Медициналық тексерістен кімдер тегін өтеді – министрдің жауабы

Сондай-ақ, динамикалық бақылауға жататын аурулардың тізімі кеңейтіледі
Sputnik
АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан азаматтар медициналық тексерістен тегін өтеді. Оларда медициналық сақтандыру жарналарының бар-жоғы ескерілмейді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Себебі халық тарапынан диагнозды анықтауға арналған клиникалық-медициналық зерттеулерге арыз-шағымдар көп болды. Атап айтқанда, ондай қызметтер барлығына бірдей қолжетімді емес.

"Енді, әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдықты деген күдіпен келген адамдарға диагностикалық зерттеулер тегін болады. Оның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамайды", - дейді Әлназарова.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау министрлігі әрбір пациентпен жеке-дара жұмыс істеу нормасын енгізіп отыр. Мәселен, бұған дейін қант диабеті, қан қысымы сияқты ауруға шалдыққан адамдарды емханаға бақыласа, жаңа норма енгізілгеннен кейін созылмалы ауруы бар барлық пациентті дәрігерлер тобы қадағалайтын болады. Сондай-ақ, динамикалық бақылауға жататын аурулардың тізімі кеңейтіледі.
Депутаттар МӘМС жарнасын бес есе ұлғайтуға қарсы шықты