АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Ақпанда елде жылдық инфляция 9,3%болып, қаңтардағы 9,5%-ға қарағанда біршама баяулады.
13 өңірде жылдық инфляция бәсеңдеді, 4 облыста қарқын алып, 3 өңірде өзгеріссіз қалды, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Жылдық инфляцияның ең жоғарғы мәні Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді.
"Ақпанда ел бойынша айлық инфляция 1,1%-ға өсті. Бұл тарихи орташа мәннен жоғары (2017-2021 жылдардағы ақпанда – 0,7%)", - деп жазылған хабарламада.
Ақпанда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық 7,4%-ға дейін баяулады (қаңтарда – 8,2%). Осы топтағы тауарлардың бағасы Ұлытау облысында (10,3%) барынша тез, ал Шымкент қаласында (5,2%) мейілінше баяу өсті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны жылдық 8,5%-ға дейін бәсеңдеді (қаңтарда – 8,6%). Ең жоғарғы мән Маңғыстау облысында (13,3%), ең төменгі мән Ақтөбе облысында (7,1%) тіркелді.
Ақпанда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы жылдық 12,8%-ға дейін жеделдеді (қаңтарда – 12,3%). Сонымен қатар Қарағанды облысында (18,0%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама тез, Алматы облысында (8,0%) айтарлықтай баяу өсті.