АЛМАТЫ, 16 наурыз - Sputnik. Қарулы күштердің әскери қызметшілері Қазақстан аумағынан Сирия астанасы Дамаскіге ұшып барып, Фауар бітімгерлік базасына дейін автокөлікпен жетті, деп хабарлайды қорғаныс министрлігі.
Қазақстандық жасақтың құрамында 139 әскери қызметші бар.
Ұлттық контингенттің жеке құрамы базаға орналасып, жайғасып жатыр. Рота штабы істерді қабылдау және "БҰҰ-ның бөлінген аумақты бақылау жөніндегі күштері" миссиясы қолбасшысының резервтік ротасының функционалын нақтылау жұмысына кіріседі.
"Бәрі жоспар бойынша іске асып жатыр. Жексенбі күні бітімгерлерге жүктелген міндеттерді зерделеу бойынша жеке құраммен сабақтар өткіземіз, ал дүйсенбіде оларды іс жүзінде пысықтауды бастаймыз", – деді қазақстандық бітімгерлік контингентінің командирі подполковник Жігер Аипов.
Бітімгерлік миссияларға қатысу – әскери қызметшілердің жауынгерлік дағдыларын арттыруға ықпал ететін оқытудың маңызды құрамдас бөлігі. Бұл миссияның ерекшелігі – өз қызметімізді жеке атқаруда болып отыр. Бұрын қазақстандық бітімгерлік контингент басқа елдердің бөлімшелерінің құрамында қызмет еткен болатын.
Бөлімше жауапкершілік аймақтарын патрульдеу, тосқауыл бекеттерді ұйымдастыру, бітімгерлік базаны күзету үшін қажетті сауытты дөңгелекті машиналармен, камаздармен, шағын автобустармен және жол талғамайтын көліктермен жабдықталған.
Ескесала кетейік, 2014 жылдан бастап 67 қазақстандық офицер БҰҰ-ның Батыс Сахара, Кот-д ' Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы және Ливандағы миссияларына әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде қатысып келеді.
2018 жылданбері 538 қазақстандық әскери қызметші бітімгерлік бөлімше құрамында "БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері" миссиясынақатысты.
Қазіргі уақытта Батыс Сахарада 6, Орталық Африка Республикасында 2, Конго Демократиялық Республикасында 2, Ливанда 9 офицер БҰҰ-ның миссияларында қызмет етуде. Голан жотасына139 қазақстандық әскери қызметші жіберілді. Олар онда миссия мандатына сәйкес, қарама-қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін қолдау жөніндегі міндеттерді орындайды.