АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ипотекалық бағдарламаны әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Атырауда ашылған ұлттық құрылтайда президент 1 наурыздан бастап іске қосылған "Отау" ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болғанын ерекше атап өтті. Дегенмен өңір тұрғындарына арналған бағдарлама жоқ.
"Ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді үкіметке тапсырамын", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады.
"Ал ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.