Қоғам

Президент үкіметке құмар ойындарына заң жүзінде шектеу қоюды тапсырды

Сондай-ақ есірткі өндірісін ең ауыр қылмыстарға теңестіру ұсынылды
Sputnik
АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қоюды тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.
Президент қауіпті кеселдердің бірі – лудомания, яғни құмарпаздық екенін атап өтті. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш.
"Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады", - дейді Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында.
Президент елімізде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылданғанын еске салды.
"Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. "Amanat" партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет", - деп тапсырма берді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Тоқаев есірткі өндірісін ең ауыр қылмысқа теңестіруді ұсынды.
"Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын", - деді президент.
"Қара киініп жүру деген атымен болмаған": Тоқаев діни шабуыл туралы айтты