"Қара киініп жүру деген атымен болмаған": Тоқаев діни шабуыл туралы айтты

CC0 / Richard Mcal / Никаб
Никаб - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.03.2024
Жазылу
Президент Қазақстан халқы салт-дәстүрімінен ажырамауы керек екенін атап өтті
АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудағы ұлтық құрылтайда тұмшаланып жүретін адамдарға қатысты ойын ашық айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президент халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмағанын ерекше атап өтті.
"Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарынан ауытқымау керек.
"Түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Себебі дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Ұлттық киімді де ұмытпау қажет", - деді Тоқаев.
Осы орайда президент биылдан бастап Наурызды жаңаша тойлау бастамасын еске салды. Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі "Ұлттық киім күні" деп аталады.
"Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз", - деп толықтырды Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайтынын айтты.
"Бірақ батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне кетпеуі керек", - деп түйіндеді ол.
Жаңалықтар
0