"Әскери техникамен марш жасайды": қорғаныс министрлігі халықты дүрлікпеуге үндеді

Қарағанды трассасында әскери техника легі өтіп бара жатқан кезде жолдарда көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін
Sputnik
АСТАНА, 12 наурыз – Sputnik. Қорғаныс министрлігі әскери техниканың жауынгерлік дайындыққа шығарылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
13 наурызда Қарулы күштердің жауынгерлік дайындық бағдарламасы аясында Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері Астана қаласының маңындағы белгіленген аудандарға жауынгерлік техникамен марш жасайды.
"Іс-шара гарнизон әскери бөлімшелері күштері мен құралдарының жауынгерлік әзірлігін кешенді тексерудің кезекті кезеңіне бағытталған. Аталған уақыт аралығында елорданың маңында, сондай-ақ Қарағанды трассасында әскери техника легі өтіп бара жатқан кезде жолдарда көлік құралдары қозғалысына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін екенін хабарлаймыз", - дейді министрлік мамандары.
Осыған байланысты министрлік азаматтардан өтіп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды, әлеуметтік желілерде әскери техниканың қозғалысы туралы жалған хабарламалар таратпауды сұрады.