АСТАНА, 11 наурыз – Sputnik. Ресей Қазақстанда салатын мектептерге ресейлік мұғалімдер келмейді. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол еліміздің оңтүстік өңірлерінде Ресей есебінен салынатын мектептерге ресейлік педагогтер келмейтінін айтты.
"Мектеп салынатыны рас. Оны өздеріңіз білесіздер. Екі мемлекет басшыларының сапарлары кезінде талай талқыланды. Бірақ мұғалімдер алып келеді немесе басқа педагогтер келеді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Өйткені ол жалған ақпарат", - деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Айтуынша, қазір Ресей тарапы бұл ақпаратты өз сайттарынан алып тастады.
"Бүкіл кадр өзіміздікі болады. Ресейден ешқандай да мұғалім келмейді", - деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Бұған дейін Ресей Қазақстанның оңтүстігінде үш мектеп салатыны хабарланды.