Қазақстанда гүлдің бағасы қаншаға қымбаттады

Қарағанды облысында гүлдің бағасы бір жыл ішінде 41,5 процентке көтерілді
Sputnik
АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Қазақстанда гүлдің бағасы бір жылдың ішінде 8,2 процентке қымбаттады. Бірақ баға төмендеген өңірлер де бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Energyprom.kz порталына сілтеме жасап.
Қарағанды облысында бір жылдың ішінде гүлдің бағасы бірден 41,5 процентке көтерілді. Одан кейін Алматы облысы (+18,1 процент) мен Астана (+14,5 процент) тұр. Алматыда бір жылда 1,3 процентке ғана қымбаттаған.
Ақмола, Жамбыл мен Жетісу облыстарында баға көп өзгермеді, ал Павлодар (-0,9) мен Ұлытау (-6,1) облыстарында керісінше арзандады.
Жыл басында раушан гүлдің орташа бағасы 946 теңге болған. Абай облысында – 1,4 мың теңге, Қостанай облысында – 1,3 мың теңге, ал Шығыс Қазақстан облысында бір тал раушан 1,2 теңгеден сатылды.
Ең арзан раушан гүл Шымкентте, бір данасы – 600 теңге. Батыс Қазақстан облысында – 648 теңге, Қызылорда облысында – 667 теңге.
Жалпы, Қазақстанда гүл бағасы бір жылдың ішінде 8,2 процентке қымбаттады.
Алматылық кәсіпкер: қызғалдақ – нәзік гүл, біздікілер мұны әлі түсінген жоқ