АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Талдықорғанда кабинетінде қыз зорлағаны үшін айыпталған полицияның экс-басшысын сот залынан жедел жәрдем қызметі алып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
5 наурызда соттың кезекті отырысы болған. Сол кезде Марат Күштібаев өзін жайсыз сезінген. Сотқа жедел жәрдем шақырылып, күдікті кардиологиялық орталыққа жеткізілді. Жетісу облыстық сотының баспасөз хатшысы Нұрсұлтан Орынбасаров Күштібаевтың жедел жәрдеммен түскенін растады.
"Қазіргі кезде сотталушы кардиологиялық орталықта дәрігерлердің бақылауында жатыр. Осыған байланысты сот отырысы кейінге шегерілді", - дейді Орынбасаров.
Айта кетері, былтыр қараша айында Талдықорған қалалық полициясының бастығы 27 жастағы қызды зорлады деген күдікпен ұсталды. Осыдан кейін облыстық полиция депаратментінің басшылығы да жұмыстан босатылды.
Марат Күштібаев Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 2-бөлімінің 5-тармақшасы (Зорлау, адам қызметтік міндеттерін орындау кезінде жасаған әрекет) бойынша жауапқа тартылып отыр. Осы қылмыс үшін тоғыз жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.