АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. 2024 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының 11 мыңнан астам педагогы біліктілігін арттырады, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
26 ақпанда "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығы еліміздің 17 өңірінде 10 бағдарлама бойынша тегін оқытуды бастады. Орталықта білім беру бағдарламалары келесі басым бағыттар бойынша жүргізіледі:
пәндік-кеңістіктік даму ортасы,
арт-педагогикалық технологиялар,
арнайы және инклюзивті білім беру.
"Курс басталған күні 1453 педагог оқуға кірісті. Курстардың бағдарламалары оқытудың инновациялық және ойын түрлеріне бағдарланған және бала дамуының жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып құрылған. Алғаш рет мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының жаңа тәсілдерін енгізу бойынша өтпелі тақырыптарды қосу арқылы 5 модульдік бағдарлама жасалды", – деп атап өтті орталықтың басқарма төрағасы.
Айта кетері, оқу аяқталған соң тыңдаушыларға 9 ай бойы курстан кейінгі жеке қолдау көрсетіледі. Курстан кейінгі қолдаудың бастапқы кезеңінде тыңдаушылар курс оқытушысымен бірге жеке даму жоспарын құрады. Бұл үшін 28 академиялық сағат бөлінеді. Педагогтерге дамудың жеке траекториясын анықтау бойынша әдістемелік қолдау мен консультациялық көмек беріледі.