АСТАНА, 4 наурыз – Sputnik. Алматы метрополитені төтенше жағдайлар департаментінің рұқсатын алғанннан кейін үш сағат ішінде іске қосылады. Бұл туралы метрополитеннің баспасөз қызметі хабарлады.
"Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мамандар метро тоннельдерін тексеру жұмыстарын жүргізеді. Осыған байланысты Алматы метрополитені ТЖД жұмыс орындарына оралуға рұқсат еткеннен кейін шамамен үш сағат ішінде қайта іске қосылады", - делінген хабарламада.
Метро аумағында қирандылар байқалған жоқ, жолаушылар сыртқа шығарылды. Қосымша ақпарат ТЖД берген нұсқамаға сәйкес тағы да жарияланады, деп атап өтті баспасөз қызметі.
Бүгін, 4 наурыз сағат 11:22-де Алматы тұрғындары 5 балдық жер сілкінісін сезді. Жұмыста отырған қызметкерлер үрейі қашып, дүрлігіп кетті. Бәрі көшеге жүгіріп шыққан.
Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы афтершоктар қайталануы мүмкін екенін ескертті. Мамандар халықты сағат 16:00-ге дейін жиналу бекеттерінде болуға шақырады.