Қазақстанның қарызы көп ме – ЕАЭО статистикасы жарияланды

Одақта мемлекеттік қарыздың көлемі де артты
Sputnik
АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарызына қатысты есеп жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтына сілтеме жасап.
2023 жылдың қорытындысы бойынша одаққа мүше елдердің республикалық бюджеттен шығарған шығындары кірістен асып кетті. Қырғызстан ғана бюджетті профицитпен жапты.
Бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда Арменияда бюджет тапшылығы 5,2 процентке өссе, Қазақстанда – 30,5 процентке, ал Ресейде 2,0 процентке артты. Комиссияның есебіне сәйкес, Қазақстан мен Ресейдегі бюджет тапшылығын жабу үшін ақшаның басым бөлігі ұлттық қорлардан алынды.
Одақта мемлекеттік қарыздың көлемі де артты. Бір жылдың ішінде Арменияда 14,6%, Қазақстанда - 7,3%, Қырғызстанда – 17,1%, ал Ресейде 12,2%-ке өсті. Армения мен Қырғызстанда мемлекеттік қарызда сыртқы берешек басым болса, Қазақстан мен Ресейде ішкі қарыз артып отыр.
2024 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша сыртқы мемлекеттік қарыз (АҚШ долларымен есептегенде) Арменияда (0,9%) және Қырғызстанда (3,9%) өсті. Ал Қазақстан (8,3%) мен Ресейде (1,6%) көрсеткіш керісінше азайды.