Қазақстан Талибанды* Астана халықаралық форумына шақырды – СІМ түсініктемесі

Қазақстан тәліптермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға басымдық береді
Sputnik
АСТАНА, 29 ақпан – Sputnik. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан Талибанды* Астана халықаралық форумына неге шақырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Василенко Ауғанстан үкіметінде сауда министрінің міндетін атқарушы биыл 13-14 маусымда өтетін Астана халықаралық форумына шақырылғанын растады. Айтуынша, әлгі шенеунік те, тәліптер қозғалысы да БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциясына ілікпеген. Оның үстіне ол Қазақстанға былтыр да бизнес-форумға қатысу үшін ауған үкіметінің өкілдерімен бірге келген.
"Ауғанстан – біздің өңірлік көршіміз. Қазақстан ғана емес, өңірдің көптеген елі, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей, Пәкістан және басқалары бұл мемлекетпен қарым-қатынасты жолға қоюға тырысып жатыр. Біздің қарым-қатынасымыз, біріншіден, Ауғанстан азаматтарына гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған. Қазір ел халқы 40 миллионнан асады. Онсыз да азық-түлікпен байланысты үлкен проблемаларға тап болып отыр. Біздің жұмысымыздың екінші бағыты – сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту", - деп түсіндірді Василенко сенат кулуарында.
Ауғанстан Қазақстаннан ірі көлемде астық сатып алады. Екі елдің тауар айналымы 2022 жылғы 500 млн доллардан 2023 жылы 1 млрд долларға дейін артқан.
"Бұл өткені мен бүгіні күрделі, бірақ болашағы зор мемлекет деп айтуға болады. Сол себепті сауда-экономикалық ынтымақтастыққа басымдық беріледі. Бүгінде Ауғанстанның қазіргі басшылығымен бүкіл әлем байланыс орнатып жатыр. Талибан* қозғалысының үкіметтен әйелдерге орын беру, әйел құқығын қорғауға қатысты уәделерін орындау бойынша мәселе, әрине, бар. Бірақ Ауғанстан Орталық Азияның өңірлік көршісі екенін ұмытпауымыз керек және қазіргі өзара іс-қимыл біздің мүддемізге жауап береді", - деді Василенко.
* Қозғалыс лаңкестік әрекеті үшін БҰҰ санкциясына іліккен.