АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Биыл 1 наурыздан бастап Қазақстанның сегіз өңірінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
"Жыл сайын көктем мезгілінде республикалық маңызы бар жолдарды қыстан кейін сақтау және күтіп ұстау үшін бір оське жүктемесі 8 тоннадан асатын автокөліктердің қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бірінші наурыздан бастап мұндай ереже 8 облыстағы трассаларда қолданылады", - деп хабарлайды көлік министрлігі.
Дәлірек айтқанда, Алматы, Атырау, Жамбыл, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу және Түркістан облыстары "бесінші жол-климаттық аймаққа" кіреді. Уақытша шектеу шаралары 1 наурыздан 1 сәуірге дейін күшінде болады.
Министрлік атап өткендей, шектеу халықаралық жүктер мен жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға тартылған, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек, азық-түлік, багаж, дәрі-дәрмек таситын, сондай-ақ жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын автокөліктерге қатысты қолданылмайды.
Дәл осындай шектеулер 23 наурыз бен 1 мамыр аралығында Ақмола, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында да енгізіледі, деп мәлімдеді ведомстводағылар.