АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Украина президенті Владимир Зеленский кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк испаниялық Mundo газетіне берген сұхбатында Еуропада Киевті Мәскеумен келіссөз үстеліне отыруға шақыратындар көп екенін айтты.
"Еуропада бізді келіссөз үстеліне отыруға шақыратындар көп, бірақ неге екенін ешқашан түсінбедім және әлі де түсінбей келемін", - деді Подоляк.
Мәскеу бұған дейін келіссөздерге дайын екенін бірнеше рет айтқан болатын, ал Киевте оған заңнамалық деңгейде тыйым салынды.
Кремль Украинадағы жағдайды бейбіт бағытқа ауыстырудың алғышарттары қазір жоқ екенін мәлімдеді.
Ресей мен Украинаарасындағы қақтығыс 2022 жылдың 24 ақпанында басталды. Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей 30 жыл бойы НАТО-мен Еуропадағы қауіпсіздік принциптері туралы келіссөз жүргізуге тырысқан, бірақ одақ Мәскеудің наразылығына қарамастан, тұрақты түрде кеңейіп, Ресей Федерациясының шекарасына жақындаған.