Сенат спикері халықты солтүстікке көшіру бағдарламасының тиімсіз болғанын мәлімдеді

Кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында халық саны азайған
Sputnik
АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы нәтиже бермегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Демографиялық мәселелерге арналған сенаттағы үкімет сағатында спикер оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасының тиімсіз болғанын ашық айтты.
"Бүгінде оңтүстік-батыс аймақтарда және мегаполистерде халық саны айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ал солтүстік аймақтарда керісінше азаю үрдісі байқалады. Кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында халық саны азайған. Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы болжанған нәтиже бермегенін мойындауымыз керек", - деді Әшімбаев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде сенатта қаралып жатқан көші-қон туралы жаңа заң еңбек ресурстарының ұшқырлығын арттырады деген сенім бар.
Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов халықтың санына қатысты соңғы мәліметті жариялады. Оның сөзіне қарағанда, соңғы он жылда өңірдегі халықтың саны 45 мың 800 адамға азайып қалған. Ауыл халқы да айтарлықтай қысқарды.
Оңтүстіктен солтүстікке көшетіндерге баспана құнының 50%-іне дейін өтемақы беріледі