Бір сағат артқа жылжиды: мектептерде сабақтың басталу уақыты өзгеруі мүмкін

Оқу-ағарту министрлігі әкімдіктерге сабақтың басталу уақытын қайта қарауға мүмкіндік береді
Sputnik
АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. 1 наурызда бүкіл республика бірыңғай уақыт белдеуіне көшуіне байланысты мектептерде сабақтың басталу уақыты өзгеруі мүмкін. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу туралы шешімді сарапшылар мен ғалымдар қабылдағанын атап өтіп, мұны дұрыс шешім деп атады.
"Біз жергілікті атқарушы органдарға, қажет болса, сабақтың басталу уақытын қайта қарауға мүмкіндік береміз. Бұған ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын. Мысалы, сабақты таңғы 08.00-ден бастайтын мектептер 08.30-да бастай алады. Әрине, мүмкіндік бар", - деді Бейсембаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздің 15 өңірі 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні жергілікті уақытты бір сағат артқа жылжытады. Осылайша еліміз бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшеді.
Уақыт мына өңірлерде өзгереді: Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары.
Қазақстанда уақыт белдеуі өзгереді: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады