АСТАНА, 19 ақпан – Sputnik. Алматыдағы "Қазақстан" шипажайы мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
2013 жылы шипажай директоры барлық мүлкін кепілге қойып, кірісті жасанды түрде арттырған. Ал ғимараттарды жөндеуге 2,6 миллиард теңге несие алды. 2021 жылы ол тағы бірнеше сыбайласымен бірге 700 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін бас бостандығынан айырылды.
"Несие беру кезінде банк шипажайдың төлем қабілеттілігіне талдау жүргізбегені анықталды. Соған қарамастан 2022 жылы сотпен жалпы 3 млрд теңге қарызды өндірді. Алматы қаласы прокуратурасының апелляциялық шағымы бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, бұл сома 1,8 млрд теңгеге дейін қысқартылды", - дейді прокурорлар.
Ал Медеу ауданының прокуратурасы кепіл шартының заңсыз рәсімделгеніне байланысты оны жарамсыз деп тану туралы шағым түсірді. Өткен аптаның соңында Алматының соты прокурордың талабын қанағаттандырды.
"Осылайша, прокуратураның шараларымен құны 7 миллиард теңгеден асатын мемлекеттік санаторий заңсыз кепілден алынып, оның қарызы 1,2 миллиард теңгеге қысқартылды", - делінген ресми хабарламада.