АСТАНА, 17 ақпан – Sputnik. Қазақстан елшісі Еркебұлан Сәпиев пен Түркия Жоғары білім кеңесінің төрағасы Ерол Өзвардың кездесуінде түркиялық университеттердің филиалдарын Қазақстанда ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігі.
Ведомство Қазақстан мен Түркия жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтатынын атап өтті. Сәпиев пен Өзвардың кездесуінде жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланған.
"Кездесу нәтижесінде Түркияның жетекші университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашу бойынша нақты қадамдар жасау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді", - делінген хабарламада.
Елші Қазақстанның Түркиямен білім беру және ғылым саласында байланыстарды нығайтуға мүдделі екеніне назар аударды.
Ерол Өзвар түрік тарапы екі ел арасында осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі жан-жақты нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеп, ғалымдардың жүйелі түрде өзара іс-қимылы, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, студенттердің академиялық алмасу бағдарламалары сияқты бағыттарды дамыту маңыздылығын атап өтті.