АСТАНА, 17 ақпан – Sputnik. "Прогресс МС-26" жүк кемесі Халықаралық ғарыш станциясының ресейлік "Жұлдыз" модулімен түйісті.
"Роскосмос" мемлекеттік корпорациясы түйісу қалай өткені туралы видео жариялады.
Ғарыш кемесі 15 ақпанда "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "Союз-2.1а" зымыран тасымалдағышымен ұшырылды.
"Прогресс МС-26" кемесі Халықаралық ғарыш станциясына 2 518 кг жүк, оның ішінде станция жүйелеріне арналған 1 478 кг аппарат пен жабдық, ғылыми тәжірибелерге арналған төсемелер, 70 және 71-ші ұзақ мерзімді экспедицияларының экипажы үшін киім-кешек, азық-түлік, медициналық және санитарлық өнімдерді, станцияға жанармай құюға 580 кг отын, 420 кг ауыз су және 40 кг азот жеткізді.
Сондай-ақ Халықаралық ғарыш станциясына жеткізілетін жүктер арасында жартылай өткізгіштердің жаңа класын таныстыратын көміртектің үшінші кристалдық түрі – фуллерит кристалдарын "Ғылым" зертханалық модулінде өсіру бойынша "Фуллерен" жаңа ғылыми тәжірибесіне арналған материалдар бар.
Сонымен қатар, "Прогресс МС-26" станция корпусындағы жарықтар мен басқа саңылауларды анықтайтын бақылау жүйесін құру бойынша "Орбита-МГ" жаңа ғылыми экспериментіне арналған жабдықты жеткізеді.