Қаңтарда Қазақстанда жылдық инфляция 9,5%-ды құрады

15 өңірде жылдық инфляция баяуласа, 3 аймақта қарқын алып, 2 өңірде өзгеріссіз қалды
Sputnik
АСТАНА, 16 ақпан – Sputnik. Қаңтар айында елде жылдық инфляция 9,5%-ды құрап бәсеңдей түсті. 2023 жылғы желтоқсанда 9,8%-ды құраған болатын, деп хабарлайды ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Дегенмен, 15 өңірде жылдық инфляция баяуласа, 3 аймақта қарқын алып, 2 өңірде өзгеріссіз қалды.
Жылдық инфляцияның айтарлықтай жоғары мәні Қарағанды, Маңғыстау, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді.
Қаңтарда азық-түлік бағасы жылдық мәнде 8,2%-ға дейін баяулады. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы желтоқсанда 8,5% болған еді. Осы топтағы тауарлар бағасының максималды өсімі Ұлытау облысында (11,3%), ал минималды өсім Шымкент қаласында (5,9%) тіркелді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны жылдық мәнде 8,6%-ға дейін төмендеді. Ең жоғары мән Маңғыстау облысында (12,9%), ең төмен мән Ақтөбе облысында (7,1%) расталды.
Қаңтарда ақылы көрсетілетін қызмет бағасы жылдық мәнде 12,3%-ға дейін бәсеңдеді. Сонымен бірге, Түркістан облысында (17,3%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, Қызылорда облысында (9,5%) айтарлықтай төмен өсті.
Қаңтарда ел бойынша айлық инфляция 0,8%-ға өсті, бұл тарихи орташа мәннен жоғары. 2017-2021 жылдардағы қаңтарда 0,6% болған еді.