АСТАНА, 16 ақпан – Sputnik. Қазақстанда жазғы дизель отынының бағасы бұрынғыдай шетелдіктер мен ел азаматтары үшін бірдей болады.
Энергетика министрлігі дизель отынын тұтынушылардың азаматтығына қарамастан 295 теңгеден сатуға рұқсат беретін бұйрық дайындады. Ол "Ашық НҚА" порталында жарияланды.
"Мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада стационарлық автожанармай құю станциялары арқылы өткізудің шекті бағасы қосылған құн салығын ескере отырып, мынадай мөлшерде белгіленсін: Аи-80 маркалы бензин – 1 литр үшін 89 теңге; Аи-92 және Аи-93 маркалы бензин – 1 литр үшін 205 теңге; дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – 1 литр үшін 295 теңге", - делінген хабарламада.
Мұндай шешім қабылдауға елдегі мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларында өнімдердің жиналып қалуы себеп болды.
Бұған дейін елімізде дизель отынына сараланған тариф енгізілген болатын.
Қазір жазғы дизель отынының шекті бағасы шетелдіктер үшін – 450 теңге, қазақстандықтар үшін – 295 теңге.