Қазақстан бензин мен дизель отынын экспорттауға салынған тыйымды ұзартады

Бұл тыйым тағы алты ай бойы күшінде болады
Sputnik
АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Қазақстан бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға тыйым салуды алты айға ұзартты. Бұл шешім Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Бұл шара елдің энергетика саласындағы ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар "Жайсаң" (Ақтөбе облысы), "Ақсу" (Қостанай облысы) және "Ауыл" (Абай облысы) теміржол бекеттері арқылы қара металл сынықтары мен қалдықтарын әкетуге тыйым салынды.
"Бұл шешім отандық өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесіндегі шикізат тапшылығына және көршілес елдердің металл сынықтарын экспорттауға шектеу шараларын қолдануына байланысты қалыптасқан жағдай аясында қабылданды", - делінген хабарламада.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша 2023 жылы қара металл сынықтарын жинаудың жалпы көлемі шамамен 1,9 миллион тоннаны құрады, бірақ ішкі нарықтағы жалпы сұраныс 3,9 миллион тоннаны құрады.