АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. 2024 жыл өткен жылмен салыстырғанда ыстық болады. Бұл туралы төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов мәжілісте өткен үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазгидрометтің мәліметінше, жаз мезгілінде орташа температура 19-23 градус болса, алдағы жазғы кезеңде 40 градусқа дейін және одан жоғары болады. Былтыр тек 5-28 шілде аралығында температура кейбір күндері 44 градусқа жетіп, 300-ден астам өрттің шығуына әкеп соқты, көпшілігі "Семей" және "Ертіс орманы" аумағында болды", - деді Сыздықов.
Ол табиғи өрттің шығу және таралу мүмкіндігінің артуына байланысты минералды жолақтарды жаңартуды алдын-ала қарастыру және орман алқаптарын белсенді түрде патрульдеу қажет екенін айтты.
Орман өртінің алдын алудың негізгі әдістерінің бірі – оның таралуын шектеу, яғни өрт қауіпті кезең басталғанға дейін минералданған жолақтарды алдын ала салу.
"Әдетте, бұл жұмыс топырақтың көктемгі ылғалдылығын сылтауратып, өте кеш жүргізіледі. Мәселен, 2023 жылғы 11 маусымда "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында, яғни ірі өрт басталған кезде 180 шақырым минералданған жолақ салу жоспарланған, алайда бұл жұмыс мүлдем орындалмаған", - дейді Сыздықов..
"Ертіс орманында" жоспарланған 570 шақырымның тек 45-і ғана салынған.