АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. 2023 жылы қазақстандықтардың 71%-ы өмір сүрудің экологиялық сапасына көңілі толған. Ал биыл "Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының" негізгі ұлттық индикаторлар картасына сәйкес бұл көрсеткіш 74% деңгейіне жетуге тиіс.
Мәжіліс кулуарында Sputnik Қазақстан тілшісі экология министрі Ерлан Нысанбаевтан бұл көрсеткіштер қалай есептелетінін сұрады.
Министрдің айтуынша, ведомство құрылымдары күн сайын ауаның, топырақтың және судың жай-күйін бақылап отырады. Сонымен қатар өндірістен шығарылатын зиянды заттардың шығу деңгейін азайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
"Төмендету аясында автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Осы жылдың соңына дейін қоршаған ортаны ластаушы 50 мекеме ауаға шыққан заттар туралы ақпаратты онлайн режимінде жедел түрде жолдайды", - деді министр.
Елді дамыту жоспарының негізгі индикаторлары бес жылдан кейін өмір сүрудің экологиялық сапасына қанағаттанатын қазақстандықтардың санын 90%-ға жеткізуді көздейді.
Sputnik Қазақстан тілшісі экология министрінен жоспар тым ауқымды емес пе деп сұрады.
Алайда Нысанбаев бұл деректің қайдан алынғанын бірден түсінбеді. Журналист мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Ұлт жоспарындағы деректер екенін нақтылағаннан кейін ғана ол түсінік берді.
"Ұлт жоспарымызда ма?! Біз ауқымды жоспарларды орындау үшін белгіледік", - деді экология министрі.
Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары (ҰДЖ-2029) мемлекеттің орта мерзімді кезеңдегі даму басымдықтарын айқындайды.