АСТАНА, 8 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Талдықорған қалалық полиция басқармасында болған қыз зорлау оқиғасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Лепеха қылмыстық іс қазір қандай сатыда екенін айта алмады.
"Тергеу жүріп жатыр, материал сотқа жіберілгенде білесіздер", – деді ол сенат кулуарында.
Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін ішкі істер министрлігінің алқасында, полиция департаментімен және жеке құраммен жиналыс өткен.
"Жеке құрам арасында тәртіп орнату және дисциплинаны қатаңдату шаралары үнемі қабылданады. Сондай шаралардың бірі – аттестация өткізу. Аттестация кезінде жеке құрамға жауапты орта буындағы басшыларды тексереміз, талапқа сай келмейтіндерді жұмыстан босатамыз", – деп түсіндірді Лепеха.
Сондай-ақ ол полицейлер арасында зорлық-зомбылық жасауы мүмкін тәртіп сақшылары қалай анықталатынын айтты.
"Біз осы адамға қатысты барлық материалды тексереміз, өзін қалай ұстағанын, қандай заңбұзушылық жасағанын, абырой-беделіне нұқсан келтіретін матералдардың бар-жоғын қараймыз. Әңгімелесу барысында да көп нәрсені анықтауға болады. Әр қызметкерді жеке қараймыз", – деді ішкі істер министрінің орынбасары.
Өткен жылдың қараша айында Талдықорған қалалық полициясының бастығы 27 жастағы қызды кабинетінде зорлады деген күдікке ілінді. Осы оқиғадан кейін облыстық полиция депаратментінің басшылығы да қызметтен кетті.