АСТАНА, 8 ақпан – Sputnik. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қарлы боранға байланысты елорда тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі. Қала басшысы "қарт адамдар мен балалар жарақат алмас үшін далаға шықпауы керек" екенін айтты.
"Қарлы боран мен желдің күшеюіне байланысты қаланың барлық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы қала көшелерін қардан тазалауды жалғастыруда, қажет болған жағдайда жолдар мен тротуарларға құм-тұз қоспасын сеуіп жатыр", - деді Қасымбек.
Әкім көлік иелері мен жаяу жүргіншілер жолда өте сақ болуы, қашықтықты және барлық жол қозғалысы ережелерін сақтау керектігін баса айтты.
Ол сондай-ақ ауа райы болжамы және енгізілген шектеулер, оның ішінде қаланың тас жолдарына қатысты ақпаратты бақылап отыруды сұрады.
Бұған дейін Астана әуежайы қатты желге байланысты он бес рейсті тоқтатқаны хабарланды. Жолаушыларға өз рейстеріне қатысты ақпарат алу үшін авиакомпанияларға хабарласуға кеңес берілді.
Аэродромды қалың қардан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмысқа 23 арнайы техника жұмылдырылған.