Саясат

Тоқаев мәжілісте жаңа премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады

Мәжілістің пленарлық отырысы бүгін түстен кейін өтеді
Sputnik
АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін мәжіліс депутаттарына жаңа премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады, деп хабарлайды Ақорда.
"Бүгін сағат 15:00-де президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент мәжілісінің пленарлық отырысына қатысады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес депутаттардың келісімін алу үшін жаңа премьер-министрдің кандидатурасы ұсынылады", - делінген хабарламада.
Бұған дейін президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли Amanat партиясы жаңа премьер-министрдің кандидатурасын ұсынатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі саяси партия ұсынған кандидатураны қарайды. Мақұлданған жағдайда президент премьер-министрдің кандидатурасын оның келісіміне сәйкес парламент мәжілісіне қарауға жібереді. Мәжіліс келіссе, Тоқаев жаңа премьер-министрді тағайындайды. Одан кейін үкіметті жасақтау басталады.
Естеріңізге сала кетейік, 5 ақпан күні мемлекет басшысы Қазақстан үкіметін отставкаға жіберді. Роман Скляр премьер-министрдің уақытша міндетін атқарушы болды.
Айта кетері, 7 ақпан күні Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Жиында еліміздің 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады.