АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Парламент мәжілісі 43 жастағы Олжас Бектеновті премьер-министр қызметіне тағайындауға келісім берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін биліктегі Amanat саяси партиясы мемлекет басшысына жаңа премьер-министрдің кандидатурасын ұсынды. Аманаттықтардың таңдауы Антикордың бұрынғы басшысы Олжас Бектеновке түскен. Заңнамаға сәйкес, президент кандидатураны мәжілістегі партиялардың фракцияларымен талқылап, кейін депутаттардың келісімін алу үшін мәжілістің қарауына енгізді.
Төменгі палата депутаттарының көпшілік даусымен Олжас Бектенов үкімет басшысы болды. Енді осыдан кейін үкіметтің жаңа құрамын жасақтау басталады.
Олжас Бектеновтің кандидатурасын 69 депутат қолдап дауыс берді, жетеуі қалыс қалды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Олжас АБектенов Қазақстан Республикасының премьер-министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды
Естеріңізге сала кетейік, 5 ақпанда мемлекет басшысы Қазақстан үкіметін отставкаға жіберді. Премьер-министрдің міндетін атқару уақытша Роман Склярға жүктелді.
Әлихан Смайылов премьер-министр лауазымына 2022 жылы қаңтар айында тағайындалған болатын.
Айта кетері, 7 ақпан күні Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Жиында еліміздің 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады.
Олжас Бектенов туралы не білеміз
Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын үздік бітірген, мамандығы "заңгер". 2014 жылы ІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған.
Еңбек жолы
2002-2005 жылдары Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы.
2005-2006 жылдары ҚР Премьер-министрі кеңсесінің заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.
2006-2009 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс істеді.
2009-2012 жылдары ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.
2012-2014 жылдары ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.
2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі.
2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.
2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары.
2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.
2019-2022 жылдары - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.
2022-2023 жылдары – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.
2023 жылғы 3 сәуірден бүгінге дейін Қазақстан президенті Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарды.