АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Көкшетау қаласында өз бүйрегін сатқысы келген ер адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz
Қала тұрғыны бір бүйрегін 18 мың АҚШ долларына бағалап, интернет арқылы сатпақ болған. Ал рецепиент операция және ағзаны ауыстыру мәселелерін өзі шешуі тиіс еді.
Танымал әлеуметтік желідегі хабарландыруды облыстық полиция департаменті де байқаған. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары донормен сатып алушы ретінде сөйлесіп, бірнеше апта бойы жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Ақыры онымен трансплантация жасауға және ақшаны беруге келіскен. Ал ақшаны беретін күні ұстау операциясы өтті.
Тергеу кезінде ер адамның Ақтөбе қаласының тумасы екені анықталды. Бірақ қазіргі кезде елордада тұрады. Ол ойынға тәуелділіктен жиналған қарыздарына байланысты осындай шешімгебарғанын ашық айтты.