АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерге берілетін тұрғын үй төлемдерінің бірыңғай мөлшерін заңмен айқындауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Қамалетдиновтың айтуынша, қазіргі таңда тұрғын үй төлемінің мөлшері әскери қызметші қызмет өткеретін тиісті өңірдегі баспананы жалға алу құнына байланысты айқындалады.
"Сондықтан кейбір өңірлерде ағымдағы тұрғын үй төлемінің мөлшері бір адамға 33 мың теңгені, ал басқаларында 96 мың теңгеге дейін жетеді. 19 өңірде бұл төлемнің мөлшері орташадан төмен (84 мың теңге) және бір өңірде орташадан жоғары", – дейді Қамалетдинов мәжіліс комитетінің әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру туралы отырысында.
Оның айтуынша, қазір әскери бөлімдер мен бөлімшелердің көпшілігі ірі қалалардан алыс орналасқан. Осыған байланысты әскери қызметшілер орташа мөлшерден төмен тұрғын үй төлемдерін алады.
"Мұндай тәсіл әскери қызметшілерге тұрғын үйге құқығын бірдей пайдалануға мүмкіндік бермейді, олардың төлем мөлшері жоғары қалаларға көшуіне үшін алғышарт жасайды. Осы мақсатта тұрғын үй заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу қажет. Онда елдегі статистикалық деректердің орташа деңгейі бойынша ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің бірыңғай мөлшерін айқындау қажет", – дейді қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.
Айтуынша, бұл шалғайдағы гарнизондарда қызмет ететін әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері арасындағы әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік береді.