АЛМАТЫ, 27 қаңтар – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов Harmony Capital Strategy AMC, Citius Capital AG, Torkam Holding және Marsel Group компанияларының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Кездесуде тұрғын үй және медициналық мекемелер құрылысы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, көлік инфрақұрылымын жақсарту және тағы басқа салалардағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Смайылов үкімет елдегі іскерлік климатты жетілдіруге үлкен көңіл бөліп отырғанын және жаңа инвестициялық бастамаларға ашық екенін атап өтті.
"Біз сіздердің Қазақстанда жобаларды жүзеге асыру бойынша ниеттеріңіз бен бастамаларыңызды құптаймыз", — деді премьер-министр.
Делегация басшысы, Harmony Capital Strategy AMC негізін қалаушы және Citius Capital AG бас директоры Каспар Вонлич жоспарланған жобалар бойынша қазірдің өзінде бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілгенін айтты.
"Біз жұмыс кездесулерін өткіздік, бірнеше рет аймақтарға бардық және Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру бойынша зор әлеует бар деп санаймыз", — деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша премьер-министр мемлекеттік органдарға инвесторлармен ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін көтерілген барлық мәселені зерделеп, пысықтауды тапсырды.