АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. Қазақстанның ұлттық банкі атынан халықты алдайтын алаяқтар қайта қайта шыға бастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Алаяқтар өз банк қызметкерінің құжатын да жібереді. Онда адамның аты-жөні жазылған, мөрі де басылған. Бірақ ондай куәліктердің бәрі жалған. Ал алаяқтар "екінші деңгейлі банктердегі алаяқты ұстау керек" деген желеумен адамдарды алдауға тырысады.
"Ұлттық банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді, халықпен ақшалай есеп айырыспайды, соның ішінде азаматтардан "арнайы операцияға" қатысуын сұрамайды", - дейді банк қызметкерлері.
Осы орайда мамандар мобильдік қосымшаларды орнатпауға, өзінің дербес деректерін жария етпеуге, ұялы телефонды қашықтан басқаруға жол бермеуге, ал, ең бастысы, телефонмен арқылы бейтаныс адамның нұсқауымен үшінші тараптың шотына ақша аудармау қажеттігін ескертеді.
"Егер жеке деректеріңіз жария болып кеткен жағдайда шұғыл құқық қорғау органдарына хабарласу керек. Ал, осы мәселеде кеңес алу үшін 1477 нөмірі арқылы Ұлттық Банктің байланыс орталығына қоңырау шалуға болады", - делінген ресми хабарламада.