АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Қазақстан-Ресей сауда қатынастарының дамуына Башқұртстан тарапы елеулі үлес қосып жатыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Башқұртстан басшысы Радий Хабировпен кездесуінде айтты.
Кездесу барысында Қазақстан өңірлері мен Башқұртстан арасындағы өнеркәсіп кооперациясын нығайту жөніндегі шаралар, сондай-ақ Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мақсатында ауыл шаруашылығы, логистика, білім беру және туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Үкімет басшысы Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап өтті. Премьер-министр 2022 жылы Қазақстан-Ресей арасындағы тауар айналымының көлемі 10%-ға өсіп, 27 млрд АҚШ долларына жеткенін айтты. Өткен жылдың 11 айында өзара сауда көрсеткіші 24 млрд АҚШ долларын құрады.
"Қазақстан-Ресей сауда қатынастарының дамуына Башқұртстан Республикасы елеулі үлес қосуда. Аталған кезеңде өңірлер арасындағы тауар айналымы 350 млн АҚШ долларынан асты", — деді Смайылов.
Үкімет басшысы осы ретте арадағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту үшін зор әлеует бар екенін айтты.
Өз тарапынан Башқұртстан басшысы өнеркәсіп кооперациясын одан әрі тереңдетуге және сауда қатынастарын дамытуға қызығушылық танытты.
"Біздің кәсіпорындарымыздың экономикалық ынтымақтастығы артып келеді. Мүмкіндіктер енді ғана іске асырыла басталғанын көріп отырмыз. Тауар айналымын одан әрі ұлғайту алдағы жылдардағы ортақ міндетіміз деп санаймын. Бұл үшін тиісті алғышарттардың барлығы бар", — деді Радий Хабиров.