АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған жер сілкінісінен кейін Қазақстанда 400-ден астам афтершок тіркелді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген орталық сейсмикалық обсеравторияның басшысы Жансая Досымбекова айтты.
"Ол жақтағы жер сілкінісінің күші жоғары болғаннан кейін бізге әлі де сезіліп жатыр. Қазір республика бойынша орналасқан 70 сейсмикалық станция 400-ден астам афтершокты тіркеді. Соның 15-інде магнитудасы 5 балдан жоғары болған, қалғандары әлсіз, оны ешкім сезіп жатқан жоқ", - дейді Досымбекова.
Оның айтуынша, Алматыда 5 балдық дүмпулер жыл сайын тіркелмейді. Бұған дейін көбінесе 2-3 балдық жер сілкінісі тіркелген.
"Мен өзім 2021 жылы осы жұмысқа келдім. Содан бері 5 балдық жер сілкінісі тіркелген жоқ. 2-3 балл болды. Одан жоғары болған емес. Негізі, Жапония, Түркия сияқты елдерде 5 балдық жер сілкінісі әлсіз деп аталады. 7 балдан асқан жағдайда ғана жойқын жер сілкінісі деп айтады. Дамыған елдерде оған үйренген, сақтану шараларын да біледі. Біз сияқты дүрлігіп, жалаңаяқ, халатпен көшеге шықпайды", - деп атап көрсетті обсерватория басшысы.
Осы орайда сейсмолог Алматыда жойқын жер сілкінісі болғанын еске салды.
"Жойқын жер сілкінісі тарихта болған. Ғалымдар да 100 жылда бір қайталанады дейді. Бұл қатып қалған қағида емес, 110 жыл ма, 120 жыл ма, мүмкін ертең бола ма, біз оны кесіп айта алмаймыз. Бірақ жойқын жер сілкінісінің қайталану заңдылығы бар. Сол үшін біз оған дайын болуымыз керек", - дейді Досымбекова.