АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Астанада жолақысын электронды төлеу және диспетчерлеу жүйесін жаңғырту аясында аялдамаларды цифрландыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің сайты.
Енді аялдамаларда QR коды бар арнайы жапсырмалар орналастырылады. Оларды сканерлеу арқылы бағдарлардың нақты келу уақытын көруге болады.
Ол үшін "Avtobys" мобильді қосымшасын Google Play, App Store немесе AppGallery-ден жүктеп алу қажет. Қолданбаның басты бетінде QR белгісін басып, аялдамадағы QR кодты сканерлеу керек. Содан кейін қосымшада аялдамадан өтетін маршруттар және олардың болжамды келу уақыты көрсетіледі.
Бүгінде QR кодтары бар жапсырмалар 225 аялдамаға орналастырылды. QR коды бар сызбаларды орналастыру бойынша жұмыс әлі де жалғасады.