Алматылықтарға жер сілкінісі туралы SMS-хабарламалар неліктен жіберілмеген

Ұялы байланыс операторлары шұғыл ақпаратты өңдеуге үлгермей жатады
Sputnik
АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Алматы қалалық төтенше жағдайлар депаратментінің басшысы Нұрлан Атығаев түнгі жер сілкінісі туралы SMS-хабарламаның не себепті жіберілмегенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде шұғыл ақпарат халыққа кеш түседі. Оның бірнеше себебі бар.
"Біріншіден, халық тығыз тұрады. Ұялы байланыс операторлары шұғыл ақпаратты өңдеуге үлгермей жатады. Соның салдарынан тиісті ақпарат халыққа кеш жетеді", - деді Атығаев бүгінгі брифингте.
Оның айтуынша, ауа райына қатысты ақпарат Қазгидрометтен алдын ала алынады. Сондықтан бір күн бұрын SMS-хабарламалар жіберіліп тұрады.
Бүгінгі брифингте Атығаев түнгі жер сілкінісі кезінде сиреналар неге қосылмағанын да түсіндірді.
Атығаев атап өткендей, дабыл қағылса, халық қатты дүрлігіп кететін еді.
Мамандардың айтуынша, жер сілкінісі Қырғызстан мен Қытайдың шекарасында 5 шақырым тереңдікте болған. Күші - 7 балл. Сол себепті дүмпулер барлық Орталық Азияға тарады. Алматы жер сілкінісі болған жерден 265 шақырым шалғай жерде орналасқан.
Еске сала кетейік, төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты "СТӘК" ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде сезілді.
Алматылықтардың айтуынша, жерасты дүмпуі осы жолы қатты сезілді. Үйлері ұзақ уақыт бойы шайқалған. Тұрығындар үрейленіп, үйлерін тастап, далаға шығып кеткен.
2-ден 5 балға дейін: Қазақстанның төрт өңірінде түнде жер сілкінді