АСТАНА, 22 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның орта буындағы басшылық құрамын кезектен тыс аттестациядан өткізуді қолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан мемлекет басшысы полицияның қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керектігін ерекше атап өтті. Сонда ғана жүрт полицияға сенеді, оны қорған көреді.
"Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек", – деді Тоқаев.
Отырыс кезінде ішкі істер министрі орта буындағы басшылық құрамды биыл кезектен тыс аттестациядан өткізуды ұсыныды. Президент осы бастаманы қолдады. Бірақ министрлік сынақ кезінде табандылық танытуға тиіс.
"Бармақ басты, көз қысты" болмауы керек. Алайда аттестация біреуден есе қайтарудың құралы болмауға тиіс. Басты мақсат – жеке құрамды біліксіз және жұмысына адал емес басшылардан тазарту, яғни кәсіби кадр резервін жасақтау. Сонда ғана ахуалды түбегейлі өзгерте аламыз", – деп атап көрсетті мемлекет басшысы.
Тоқаев президент әкімшілігіне алдағы аттестацияны бақылауда ұстауды тапсырды.