АСТАНА, 20 қаңтар – Sputnik. БЖЗҚ қазақстандықтарға ай сайын зейнетақы қорына қанша жарна салуын өзі таңдай алатын жаңа құрал шығарды. 2022-2026 жылдарға арналған корпоративтік стратегияның аясында ұсынылған бұл құрал жинақтаушыларға болашақ зейнетақысын басқаруға мүмкіндік береді. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.
Қордың мәліметінше, БЖЗҚ алдағы уақыттағы зейнетақыны жоспарлаудың жаңа құралы – жеке зейнетақы жинақ жоспарын енгізуді жоспарлап жатыр.
Қалыпты зейнетақы калькуляторларына қарағанда жаңа құрал алдағы уақытта алатын зейнетақы мөлшерін есептеп қана қоймай, сонымен қатар пайдаланушыға мынандай мүмкіндіктер береді:
қажетті зейнетақы мөлшеріне қол жеткізу үшін жарна мөлшерін өз бетінше анықтау;
автоматтандырылған хабарламалар арқылы жоспардың орындалуын бақылау.
Алдағы уақытта алатын зейнетақыны болжамды есептеу мыналарды қамтиды:
мемлекеттік бюджет есебінен төленетін зейнетақы (базалық зейнетақы және ынтымақты (еңбек) зейнетақы).
Мыналардың есебінен БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы:
БЖЗҚ-ға қызметкерлердің табысынан төленетін міндетті зейнетақы жарналарының (МЗЖ) 10%-ы;
Жұмыс беруші зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлердің пайдасына БЖЗҚ-ға аударатын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МЗЖ) 5%-ы.
Қызметкер де, оның жұмыс берушісі де аудара алатын ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы.
"Бұл қызмет салымшыларға өзінің алдағы уақытта алатын зейнетақысын жоспарлауға, жоспардың орындалуын бақылауға және кез келген уақытта түзетулер енгізуге бірегей мүмкіндік береді. Бұл – зейнетақы жинақтау саласындағы дараландыру мен ашықтыққа қарай жасалған қадам", - деп мәлімдеді "БЖЗҚ" АҚ өкілдері.