АСТАНА, 18 қаңтар – Sputnik. 2023 жылы 114,1 мың отбасындағы 598,4 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді. Осы мақсатқа бюджеттен 57,4 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуемттік қорғау министрлігі.
Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен төмен азаматтарға беріледі.
Табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беріледі. 2023 жылы АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 186,8 мың балаға 7,2 млрд теңге сомасына қосымша төлем берілген болатын.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы АӘК төлеуге 75,9 млрд теңге қарастырылған.