АСТАНА, 17 қаңтар – Sputnik. Майқайыңдағы төтенше жағдайды бақылап отырған барша қазақстандықтарды "шұңқырда тірідей көмілген адамдар тірі қалуы мүмкін бе?" деген сұрақ мазалайды.
Төрт жолаушысы бар автобус 4 қаңтарда Майқайың кенішінде пайда болған ойыққа құлап кеткен.
Төтенше жағдайлар министрлігі мұндай болжам жасай алмайды, деп жауап берді вице-министр Бауыржан Сыздықов журналистердің сауалына. Автобустың астында бос кеңістік бар, қазір мамандар үлкен қауіппен жұмыс істеуде: опырылған жағдайда олар да шұңқырға құлап кетуі мүмкін.
"Жағдай күрделі, өйткені мамандар жерді суретке түсірген кезде автобустың шамамен қай жерде орналасқаны анықталды. Құрылғы ол жерде шынымен металл бар екенін көрсетеді. Бұл металл автобус болуы мүмкін. Бірақ бос кеңістіктер бар", – деп түсіндірді Бауыржан Сыздықов.
"Әрине, барлық қауіпсіздік шаралары сақталды. Автобустың болжамды орнына бүйір жағынан техника кіре алады. Қазірдің өзінде апат орнынан екі мың текше метрден астам топырақ шығарылды", - деді министрдің орынбасары.
Кешеден бері шұңқыр орнында бес текше метрлік экскаватор жұмыс істеп жатыр. Журналистер министрдің орынбасарынан төтенше жағдайлар министрлігінің қандай болжамы бар екенін сұрады.
"Жақсы болжам бар. Бірақ біз күні мен уақытын айта алмаймыз, өйткені жағдай өте қиын, операция бірегей. Біз басқа елдердің тәжірибесін зерттедік және еш жерде мұндай төтенше жағдайларды кездестірмедік", - деп түсіндірді ол.
Еске салсақ, қаңтар айының басында Павлодар облысында адамдар мінген автобус шахта маңында шұңқырға құлап кетті. Шұңқырдың тереңдігі 150 метрді құрайды. Көлікте төрт адам болған, кейін екі адамның мәйіті табылды. Автобустың өзін және тағы екі қызметкерді – жүргізуші мен құтқарушыны іздеу жұмыстары жалғасуда.