Хромтауда ер адам оталып тұрған көршісінің көлігін айдап кеткен

Ол көлікті тізгіндей алмай, сол маңда тұрған басқа жеңіл автокөлікті соққан
Sputnik
АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Ақтөбе облысында көршісінің көлігін айдап кеткен азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Polisia.kz.
15 қаңтар таңғы уақытта Хромтау ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғыны аулада тұрған өзінің Toyota Prado автокөлігін оталдырып, аязды күні көлігі қызғанша аз уақытқа үйіне кіріп кеткен.
Таңертең жұмысына бара жатқан сол көшенің тұрғыны есігі ашық күйде оталып тұрған автокөлікті байқап, жан-жағында ешкімнің жоқ екенін көргеннен кейін, көлікті айдап кеткен. Алайда мас болған ер адам көлікті ұзақ тізгіндей алмай, сол маңда тұрған басқа жеңіл автокөлікті соққан. Бұл көліктің иесі дереу полицияға хабарласқан.
Полиция қызметкерлері күдіктіні полиция бөліміне жеткізіп, қылмыстық іс қозғалды. Ол кінәсін мойындады. Ұрланған автокөлік тәркіленді.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қос көлік иесіне келтірілген залал көлемі анықталады.
Әкесінің көлігін айдап кеткен жігіт жасөспірім қызды қағып кетті – тергеу басталды