Біз экономиканы тұрақты өсу траекториясына шығара алдық – Мишустин

Әрбір салада оң өзгеріс байқалып отыр, деді Ресей премьер-министрі
Sputnik
АЛМАТЫ, 16 қаңтар – Sputnik. Ресей сыртқы тәуекелдерді бейтараптандырып, экономикасын тұрақты өсу траекториясына шығара білді, әр салада оң өзгеріс бар, деп мәлімдеді РФ премьер-министрі Михаил Мишустин.
"Әр салада оң өзгеріс байқалады. Бізде көрсететін нәрсе бар: біз экономиканы тұрақты өсу траекториясына шығара алдық. Экономикалық даму министрлігінің мәліметі бойынша 2023 жылдың 11 айында ЖІӨ 3,3%-ға, ал өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіштері 7,5%-ға өскен", - деді ол "Россия" көрмесінде.
Оның айтуынша, мұның барлығы президент тапсырмалары мен үкімет жұмысының, оның ішінде жалпыұлттық мақсаттарға қол жеткізу, стратегиялық бастамалар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесі.
Премьер-министр "Россия" көрмесінде елдің жетістіктеріне белсенді қызығушылық танытқан шетелдік қонақтардың көп екенін айтты.
"Россия" халықаралық көрме форумы 4 қарашада Мәскеуде Ұлттық бірлік күні ашылды. Көрме кеңестік кезеңнен бергі осындай ауқымдағы алғашқы шара болып отыр. Ол 2024 жылдың 12 сәуіріне дейін жалғасады. Іс-шараның мақсаты – ел экономикасының әртүрлі салаларындағы ең маңызды жетістіктерді көрсету, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жәрдемдесу.
Желтоқсан айында "Россия" көрме форумына ТМД елдерінің үкімет басшылары, оның ішінде Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов барды.
Сонымен қатар көрмеде Қазақстан мен Ресей арасындағы бірнеше бірлескен жоба ұсынылды.