АСТАНА, 15 қаңтар – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтар үшін Сейшел аралдарына визасыз режим ашылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, 6 қаңтарда екі елдің азаматтарын визасыз талаптардан босату туралы келісім күшіне енді.
"Келісімнің 1-бабына сәйкес, екі елдің азаматтары екінші уағдаласушы тараптың аумағына бір немесе бірнеше рет келу, кету, транзит, уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтарды шекарадан өткен күннен бастап екі мемлекеттің аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 күннің ішінде жиынтықтық күнтізбелік 90 күннен аспауы қажет", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Осылайша, жарты жылдың ішінде 90 күн визасыз жүруге мүмкіндік бар. Бірақ 30 күннен кейін елден шығып, қайта кіру керек. Ал шықпай жүретін жағдай болса, визаны рәсімдеуге тура келеді.
Айта кетері, екі елдің арасында келісім былтыр 22 қыркүйекте рәсімделген болатын.